
03.06.2019
Алматыда Елбасы тапсырмасы бойынша қолға алынған «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жеке пәтерлер беру одан әрі жалғасуда.
Егер осыдан екі апта бұрын ғана 44 көпбалалы отбасылар «Үш сұңқар» ТК пәтер кілттерін алса, енді тағы 53 отбасы «Әдиет» тұрғын үй кешенінен жеке пәтерлеге ие болды.
Төрт баланың анасы Әсем Кенжебекова күйеуі екеуінің жаңа қоныстарына жөндеу жүргізуге дайындалып жатқандарын айтты.
«Біз екі бөлмелі пәтерді 15,7 млн. теңгеге сатып алдық. Ай сайынғы төлем 80 мың теңге. Алғашқы жарнаны қала әкімдігі берген тұрғын үй сертификаты арқылы төледік. Енді жөндеу жүргізіп, жаңа қонысқа көшеміз, балаларымыз жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтын болады», - деді ол.
Өз кезегінде Фируза Қошқарованың отбасы пәтер кезегінде 2015 жылдан тұрған еді.
«Көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй бағдарламасының қолға алынғанын естіп, құжаттарымызды тапсырдық. Бізге түрлі тұрғын кешендерінен пәтерлер ұсынылды, таңдауымыз «Әдиет» ТК болды, мұнда инфрақұрылым барынша дамыған», - деп ойымен бөлісті ол.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ипотекалық несие 2 пайыздық мөлшермен жаңа үй сатып алу үшін 15 млн. теңгеге дейінгі сомада беріледі. Бұдан өзге қала әкімдігі 1 млн. теңге көлемінде тұрғын үй сертификатын тегін ұсынады. Оның үстіне, аз қамтылған көпбалалы отбасылар тұрғын үй алу үшін жеке кезекке қойылған.
Айта кетерлігі, Елбасы тапсырмасы бойынша Алматыда көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетілуде. Мамыр айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алғашқы аналарды қолдау Орталығы ашылды, 1000 астам отбасыға кеңес берілді. 400-ден астам балдырғандар бала бақшаға тегін баруда, мектептер мен колледждердің 3 мың үздік оқушыларына жергілікті бюджет есебінен ай сайын стипендия төленуде. Еңбекпен қамту, жаңа мамандыққа баулу жалғасуда. Жаңадан құрылған «Бақытты отбасы» қоғамдық қоры 4 айдың ішінде 3,5 мың отбасыға қолдау көрсетті.
Жалпы, Алматыда соңғы 3 жылдың ішінде тұрғын үйге зәру 9 мыңнан астам отбасы пәтер алды, оның ішінде «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша. Олардың тең жартысы – көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, ардагерлер, ерекше қажеттіліктегі жандар және басқалары. Жақын күндері тағы 2 мыңға жуық отбасы көптен күткен пәтерлерін алатын болады.