Жетiсу ауданы
әкімінің аппараты
A   A   A

БІЗДІҢ МЕКЕН-ЖАЙ
ҚР, 050050, Алматы қ.,
Құлагер ықш., Серіков көш., 2 а
e-mail: site.zhetysu@a-a.kz
тел/факс +7 (727) 384-27-56
Сенім телефоны:
384-27-66, 384-27-55
Тәулік бойы байланыс телефоны және WhatsApp: +7 700 384 27 60
Жаңалықтар мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31 1 2 3 4
Әкімге сұрақ
Cұрақ қою Бұл жерде Сіз аудан
басшысына тікелей
сұрақ қоя аласыз

Біздің аудан БІЗДІҢ АУДАН



Аудан тарихы


Бұл қаланы республика тарихының негізі болуына өмірдің өзі итермеледі. Астана міндетін атқарып болғаннан кейін, енді еліміздің қаржылық орталығы мәртебесін алған Алматы еш қаламен салыстыруға болмайтын, өмір сүруге қолайлы, әсем бейне-бедерін бұзған жоқ. Мұндағы әрбір түпкір қаланың бар сүйіспеншілікпен, талғаммен салынғанын айтып тұр. Түп түзу, сырттай сызылған даңғылдар, тұманға оралған таудың иірілімдерін қоюландыра түсетін тәрізді. Қаланың сұлулығынан шабыт алған ақындар, мәңгі ерімейтін қар басқан шыңдардың баурайынан сарқырап құлай аққан өзендерді, субұрқақтардың шығыстық әуезін мейлінше жырлаған...
Алматы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап-ақ, Қазақстанның саяси, әкімшілік және мәдени орталығы бола бастады. 1936 жылға қарай, ескі кәсіпорындарды қалпына келтіру және қайта салумен қатар, жаңа өнеркәсіптік база да құрылды. Бірінен соң бірі - биокомбинат, аяқкиім, тігін, кілем тоқу фабрикалары, құю механикалық зауыты, кітап-жорнал баспаханасы, көркем қыш бұйымдары зауыты, құрылыс материалдары комбинаты, ет комбинаты, ұн тарту комбинаты мен зауыты қатарға қосыла берді.
Коммуналдық шаруашылық та қосарлана дами бастады. 1934 жылға қарай жиырма бес шақырым су, кәріз құбырлары тартылды. Бір жылдан кейін Алматы ЖЭО бірінші кезегі іске қосылды. Трамвай желілері пайда болды. Қазақстан қалалары мен Мәскеуге тұрақты әуе сапарлары жаңа әуежайдың алабы арқылы ұшырылатын болды. Қала тұрғындары мәдениет және демалыс саябақтарында демалып, Дзержинский атындағы балалар саябағы, аналардың балалармен серуендейтін орнына айналды.
Сол кездің өзінде-ақ, қала өзінің келешектегі зияткерлік және мәдени негізін қалады. 1934 жылы Алматының картасында ССРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесі, отыз екі ғылыми-зерттеу институты мен зертханалары, он төрт жоғары оқу орындары пайда болды. 1936 жылы ауданның құрдасы болып табылатын, Ленин ауданының №15 мектебі, қазіргі №15 лингвистикалық лицей салынды. Жарқағаздарға белгілі театрлардың репертуарлық алдын-ала жарнамалары да іліне бастады.
Қала 4467 гектар аумаққа қарқынды түрде салынды. 1936 жылы Алматы қалалық кеңесінің заңдық үкімінде дамыған өнеркәсібімен, ғылымымен, білім беруімен, коммуналдық шаруашылығымен, ауқымды құрылысымен, денсаулық сақтау объектілері желісімен, қала ғана емес, қырық жеті мың тұрғыны бар сегіз селолық кеңестер де кірді. Енді аудандық кеңестердің қажеттілігі айқын көріне бастады.
1936 жылы 14 қыркүйекте қаланы аудандарға бөлу туралы шешім қабылданып, ол сол жылғы 29 қыркүйектегі Қаулымен бекітілді. Алматы аумағы үш қалалық, аудандық кеңестері қарамағына берілді, олар: Ленин, Сталин, Фрунзе аудандары. Пролетар аудандық кеңесі Пролетар кенттік кеңеске қайта құрылып, Ленин аудандық кеңесінің қарамағына өтті. Ленин ауданының әкімшілікті қарамағындағы – «Өжет», «Боралдай», «Заря Восток» елді мекендері және колхоздары, орталығы Өжет кенті болып бекіген, Боралдай селолық кеңесіне қарап, ол дербес әкімшілік бірлік болып қалды. Әрбір ауданның өз ерекшеліктері болды.
Ленин ауданының аумағы оған жалғасып жатқан 8 колхозбен бірге 30 мың гектарды құрап, аудан қаланың солтүстік және солтүстік-батыс шет жағын алып жатты. Оған Алматы-1 және Алматы-2 стансалары, және де ҚСРО жабдықтау Халық комиссариатының (1931 ж.) "Одақет" ет өнеркәсібі, Бүкілодақтық бірлестігінің Қазақ өлкелік кеңсесі Алматы ет комбинаты, қазіргі "Құлан" АҚ, машина жасау зауыты (1935 ж.), бүгінгі С.М. Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді машина жасау зауыты, Ленин аудандық тұрғын үй басқармасы (1932 ж.), қазіргі "Жетісу" АҚ бар өнеркәсіптік аймақтың біраз бөлігі кірді. ҚазССР жабдықтау Халық Комиссариатының Алматы мемлекеттік темекі фабрикасының (1934 ж.) құрамына Алматы ферментациялық зауыты (1934-1973 ж.ж.), Алматы темекіферментациялық зауытының Еңбекшіқазақ дайындау бекеті (1933-1974 ж.ж.), Қордай аудандық темекі дайындау бекеті (1944-1960 ж.ж.), бүгінде "Алматы темекі компаниясы" АҚ кірді. Сол жылдардағы объектілердің арасында "Қазжәбжет" Шығыс-Қазақстан облыстық кеңсесі (1933 ж.), бүгінде "Алматыөнеркжабдықтау" ААҚ, Шарикті және роликті мойынтіректерді жөндейтін шеберхана (1938 ж.), қазіргі "Мойынтірек - жөндеу зауыты" болды.
1937 жылы Ленин ауданының халық ағарту Бөлімі (1937 ж.), қазіргі Жетісу аудандық білім беру бөлімі, Ленин ауданының әлеуметтік қамтамасыз ету Бөлімі (1937 ж.), қазіргі Жетісу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар Басқармасы құрылды. Бірінен кейін бірі мектептер іске қосылып отырды, олардың бірі - №54 орта мектеп, қазіргі №54 Панфилов атындағы Қазақ-Ресей гимназиясы. 1937 жылдың аяғында Ленин аудандық денсаулық сақтау бөлімінің №5 емханасы алғашқы емделушілерді қабылдады.
Қаланың жаңа инфрақұрылымдары жасалды, 1939 жылы Алматы қаласы нан комбинатының Тасымал-экспедициялық кеңсесі, қазіргі "Жорға" АҚ, ҚазИЗО, қазіргі "Алматы қалабезендіру" ЖАҚ, ЖЭО-1 орталық электростансасы, жаңа Алматы әуежайы ашылды. Тамақ өнеркәсібінің алғашқы қарлығаштары - қала нан комбинатының №1 Алматы нан зауыты (1940 ж.), қазіргі "№1 Нан зауыты" ЖШС болды.
1936 жылдың қазан-қараша айларында аудандық кеңестерге сайлау жүргізгенге дейін аудандық атқару комитеттерінің қызметін атқаратын, әрбір аудандардан Қалалық кеңестің ұйымдастыру комитеттері қалыптастырылды. Алматы қаласының жаңа әкімшілік-аумақтық құрылымы 1936 ж. 9 қазанда Қаз ОАҚ қаулысымен бекітілген болатын. 1937 жылдың 26 наурызында Қазақ ССР Төтенше съезі орталық және жергілікті үкіметтің құрылымын анықтай келе, Қазақ ССР Конституциясын қабылдады. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының астанасы болып Алматы қаласы жарияланды. Қаланың мемлекеттік билік өкілдікті және өкілетті органы ретіндегі - жұмысшы, шаруа және қызыл армия депутаттарының Алматы қалалық кеңесі енді, еңбекшілер депутаттарының Алматы қалалық кеңесі деп аталатын болды. Оның атқарушы органының қызметі Төралқаға жүктелді, ол 1939 ж. желтоқсан айынан бастап - қалалық атқару комитеті болып қайта аталды.
Қалалық кеңестің құзырына жергілікті маңызы бар барлық мәселелер, мемлекеттік, шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылыстарға басшылық ету кірді. Аудандарда қалалық кеңестің ұйымдастыру комитеттері және Пролетар кенттік кеңесі жұмыс істеді. 1939 жылы желтоқсан айындағы сайлаудан кейін аудандық кеңестер және олардың аткомдары заңды әрекет ете бастады. Қала өсе берді, тұрғындар саны көбейді. Жер пайдалануды реттеу үшін қала шегін кеңейту және рәсімдеу қажет етілді.
1938 ж. 29 мамырда Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің "Жоспарлаудың бас жобасы және қала шегін кеңейту туралы" қаулысы қабылданып, қаланың шегарасы едәуір кеңейтілді.
1939 жылдың 1 қаңтарына Алматы қаласында 4 аудан болды, олардың арасында құрамына Боралдай селолық кеңесі кірген Ленин ауданы да болды.
1947 жылдың аяғына қарай қала халқы үш жүз мыңға жетті, олар тоқыма, тігін және мата тоқу, машина жасау, металлөңдеу, тері және аяқ киім, тамақ, темекі, ұн тарту және жарма тарту кәсіпорындарында жұмыс істейтін болды. Осы кезеңде Ленин ауданында "Қазтұрмыстехника" МӨБ, қазіргі "Тайқазантехносервис" ЖШС, "Алматы қалалық тамақ сауда", қазіргі "Алтын дән" АҚ, "Алға" қайталама шикізатты дайындау және өңдеу фабрикасы Артелі, қазіргі "Бірлесу" АҚНМ РЖАҚ және де сегізжылдық білім беретін мектеп, қазіргі №3 орта мектеп өз жұмыстарын бастады.
1940 жылдар аяғындағы Ленин ауданының негізгі магистралдары Ташкент, Капал жолы, Пастер, Өзбек көшелері болды. Жалпы қалалық және әкімшілік орталық Фурманов және Мир көшелерінің, Алматы-2 стансасы мен Арық көшесі, қазіргі Абай даңғылы аралықтарында қалыптасты. 1950 жылы балалар мен жасөспірімдер Театрының гүлзарында 1916 жылғыТорғай ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Қазақстандағы Кеңес үкіметін орнату үшін күреске белсене араласқан Аманкелді Имановқа (1873-1919 ж.ж.) ескерткіш орнатылды. Білім беру мекемелерінің тізімін №150 орта мектеп толтырды. Одан кейінгі мектеп жеті жылдан кейін ашылып, оған К.Маркстың аты берілді (қазіргі №43 орта мектеп). Әрі қарай арасына бір-екі жыл салып №2, 102, 103, 108 мектептері ашылды.
1957 жылы республиканың экономикалық әкімшілік аудандары құрылды. Алматы қаласы Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстары мен қаланың өзінің өнеркәсібі мен құрылысын біріктіретін орталыққа айналды.
1958 ж. 25 маусымында Ленин ауданына Белинский көшесінен (Жансүгіров көшесі) шығысқа қарай және колхоз кентінен оңтүстікке қарай жатқан "Красный трудовик" колхозынан; қала бейітінен батысқа қарай және Ташкент көшесінен (Райымбек даңғылы) солтүстікке қарай орналасқән "Заря Восток" колхозынан; Тастақ кентінен солтүстікте және Үлкен Алматы өзенінен батысқа қарай және Ташкент жолының солтүстігіндегі - Ленин атындағы колхоздан аумақтар берілді.
Алматы қаласында шамамен төрт жүз қырық өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істеді. 1967 жылы "Қазқұрылысөнеркәсібі" құрылыс-құрастыру тресінің, қазіргі "Алматықалақұрылыс" ХАК", 1971 жылы - "Асфальтбетон" зауытының құрылған жылы болды. Жоғары, орта, арнаулы оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері, кітапханалар, театрлар, филармония, ондаған кинотеатрлар мен клубтар, мәдениет үйлері, мұражай, ғылыми және спорт қоғамдары, лекторий, стадиондар рет-ретімен жұмыс істей бастады. 1960 жылы "Қазақстан", қазіргі "Жетісу" қонақ үйі қоныс тойын жасады.
Қала аудандарының айтарлықтай ерекше белгілері айқындала бастады. Ленин - солтүстік-шығысты алып жатқан аудан, негізінен қаланың ең ескі бөлігі болатын. Онда тұрақты дамыған көлік және өнеркәсіп салалары орналасты.
Ташкент жолынан солтүстікке қарай Үлкен Алматы өзенінен шығыстау орналасқан аумақ, 1960 жылдың 13 шілдесінде еңбекшілер депутаттары Ленин аудандық кеңесі атқару комитетінің әкімшіліктік қарамағына берілді. Сол жылдардағы ірі өнеркәсіптік, әлеуметтік-мәдени объектілердің арасында аэровокзал (1978 ж.), АуырқұрылысМин ҚКТУ, қазіргі №6 кәсіптік лицей, №87 орта мектеп (1983 ж.), кеңес беретін емхана, қазіргі қалалық Адам ұрпағын өрбіту Орталығы болды. "Алматықұрылысмеханизация" және "Алматыөнеркмемқұрылыс" екі мамандандырылған тресінің базасында "Алматыинжқұрылыс" акционерлік қоғамы құрылды (1986 ж.).
1990 жылдың 25 қазанында Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Декларация жариялады. 1990 жылы 1 желтоқсанда еліміздің алғашқы Президенті сайланды. 1991 жылы желтоқсаннан бастап Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы болып аталатын болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық Заңы қабылданды.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін жергілікті жердің мемлекеттік билік органдары - ҚР Министрлер кабинетіне бағынатын жергілікті әкімшілік басшылары болды. Халық депутаттары кеңесі әкімшіліктің жұмысын бақылай отырып, жергілікті жердегі өкілетті органдар болып қала берді. ҚР Президентінің 1992 ж. 7 ақпандағы Жарлығына сәйкес, Алматыда қалалық әкімшілік құрылып, оның басшысы сайланды. Сол кезде 1992 жылы сәуірде өзінің қызметін тоқтатқан, қалалық атқару комитетін жою жөніндегі комиссия жұмысын бастады. 1992 жылы 18 ақпанда аудандық әкімшілік басшылығы жанынан аппараттар құрылды.
Қалалық әкімшілікке жергілікті маңызы бар мәселелердің бәрі де бағынышты болды. Әкімшілік басшысының шешімі мен өкімі Алматы қаласының барлық кәсіпорындары, мекемелері үшін міндетті болып есептелді. Халық депутаттарының қалалық кеңесі Алматы қаласы билігінің заңдылықты органы мәртебесін алды.
1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы, астананың орысша жазылуын тарихи қазақша Алматы атына сәйкестендірді.
1993 жылы қарашада халық депутаттары қалалық Кеңесінде өзін-өзі тарату жүрді. 1993 жылы 25 қарашада ХХІ шақырылған халық депутаттары қалалық Кеңесінің XV сессиясында "Алматы қалалық халық депутаттары кеңесінің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы" қаулы қабылданды. Қалалық Кеңес өз тарихына соңғы нүкте қойды.
1994 жылы наурыздан бастап, биліктің өкілетті органы Алматы қаласының мәслихаты болды. Оның жанынан сайланған қалалық ономастикалық комиссия көшелер, гүлзарлар, алаңдар, аудандар атауы, қайта атауы бойынша жұмысқа бар ынтамен кірісіп кетті. Жас республика барлық тарихи ескерткіштер бастауына қайта орала бастады - бұрынғы Ташкент көшесінде 1981 жылы, жоңғар басқыншыларымен күрескен әйгілі Райымбек батырға орнатылған ескерткішке тағы да жаңа ескерткіштер қосылды. 2000 жылы Алматы-2 темір жол вокзалы жанындағы алаңға мемлекет қайраткері Абылай ханға (1711-1781 ж.ж.) ескерткіш орнатылды. 2001 жылы балалар мен жасөспірімдер Мемлекеттік Академиялық театрының алдындағы алаңға көрнекті қазақ жазушысы, ҚР ҰҒА академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповке ескерткіш қойылды. 2002 жылы 16 желтоқсанда Желтоқсан көшесіндегі гүлзарда белгілі қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевқа (1931-1973 ж.ж.) ескерткіш орнатылды. Алматы қаласы мен Жетісу ауданы көшелері мен гүлзарларына ажар беріп тұрған еліміздің осындай тарихи куәлары, оның мәдениетінің ажырамас бөлігі болып қалып отыр. "Қазақстан Республикасындағы тарихи-мәдени мұраларды пайдалану және қорғау туралы" ҚР Заңына сәйкес, олар мемлекет қорғауына алынды.
Республика астанасы сонымен қатар, Алматы облысының әкімшіліктік-аумақтық орталығы болып қалды. Республика астанасын кешенді дамыту мақсатында, 1992 жылы 16 сәуірде ҚР Министрлер Кабинеті Алматы қаласының Бас даму жоспарын бекітті, онда қала аумағын одан әрі кеңейту қарастырылды.
1995 жылы 23 наурызда "Қазақстан Республикасының астанасын Ақмолаға көшіру туралы" Заңы күшіне енетін ҚР Президентінің Жарлығы шықты. ҚР Парламенті мен Үкіметі Ақмолаға көшкенге дейін, Алматы қаласы Республика астанасы мәртебесін сақтап қалды. 1995 жылы 15 қыркүйектегі Жарлық Ақмоланы 1997 жылы 20 қазаннан бастап, Қазақстан Республикасының астанасы етіп ресми түрде жариялады.
1995 жылы 30 тамызда қабылданған, ҚР Конституциясына сәйкес, жергілікті органдардың өкілдіктері мәслихаттар, ал мемлекеттік билік атқару органдары - әкімдіктер болды. Оларды Республика Президенті мен Үкіметінің өкілдері -әкімдер басқарады.
1995 жылы 12 желтоқсанда Алматының аудандары қайта аталып, Ленин ауданы Жетісу болып өзгертілді. 1997 жылы 28 қаңтарда қаланың Мәскеу және Алатау аудандары таратылды. Алматы енді 6 аудандарға - Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб болып бөлінді.
ҚР Президенті 1997 жылы 20 қазанда "Алматы қаласының мәртебесі және оны әрі қарай дамыту шаралары туралы" Жарлыққа қол қойды, ол бойынша Алматы республикалық маңыздағы қала болып қалды. Оны ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық ретінде сақтау және дамыту маңыздылығы ерекше атап көрсетілді.
1998 жылдың 1 шілдесінде осы жағдайлар "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" ҚР Президентінің Заңында одан әрі дамытылды. Құжат қаржылық, экономикалық және әлеуметтік ынталандыру шараларын жүзеге асыру арқылы оның әрі қарай дамуына кепілдік бола алатын, ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық ретіндегі ерекшелігінен шыға отырып, Алматы қаласының ерекше мәртебесіне заңды негізді белгілеп берді. Алматының айрықша мәртебесі әкімдік пен мәслихат өкілеттілігін біраз кеңейтті.
1998 жылдың 1 қаңтарында Алматы қаласының аумағы 23 300 гектарды құрады. 1998 жылы 2 қазанда ҚР Президентінің 1998 жылы 29 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, Жетісу ауданының аумағына Іле ауданынан 445 гектар жер қосылды. 2003 жылдың 1 қаңтарына Жетісу ауданының аумағы 53 мың шаршы шақырымды алып, халық саны 141,4 мыңға жетті.
2003 жылы 11 маусымдағы екінші шақырылған Алматы қаласының мәслихаты мен Алматы қаласы Әкімінің бірлескен XXV сессиясының шешімімен, Жетісу ауданының елді мекендері ықшамаудандар болып өзгертілді: Қарасу кенті - "Қарасу" ықшамауданы болды. Бұндай әкімшілік реформалар Өжет ("Өжет" ықшамауданы), Заря Восток ("Заря Восток" ықшамауданы), Красный Трудовик ("Трудовик" ықшамауданы), Құрылыс ("Құрылысшы" ықшамауданы) кенттерін де қамтыды.
Бүгінде Жетісу ауданы өз келбетін өзгерткен, онда қазіргі заманғы модерн элементтері басым. Қала салушылардың қазіргі ұрпақтары ұлттық шығыс бояуларын еуропалық үлгімен араластыра, сәулеттік ойдың ең соңғы жетістіктерін батыл енгізетін болып жүр. Аудан көшелерін соңғы он жылдарда әлемдік атағы бар кеңсе тауарларын өткізетін, Сейфуллин даңғылындағы "Әбді" супермаркетінің алып құрылысы, барлық аумағы 24 мың шаршы метрге жететін, Солтүстік айналымдағы "Әдем-2" сауда үйі көркейтіп тұр. "Құлагер" және "Айнабұлақ" ықшамаудандарының тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін, күнделікті сұраныс тауарларын сататын "Оптима" және "Рамстор" супермаркеттер желісі ашылған. Ресейде жасалған автомобильдерді Райымбек даңғылында орналасқан "Вираж" жаңа автосалонынан табуға болады. Сейфуллин даңғылында "Еzрегапzа" ойын-сауық орталығы пайда болды. Коммуналдық бейіндегі обьектілердің арасынан 2006 жылы наурыз айында Жетісу ауданының аумағында алғашқы рет қоқыстарды өңдейтін зауыттың ашылуын атап кетуге болады.
Ауданның мәдени инфрақұрылымында қоғамдық-саяси маңыздағы оқиғалардың құрметіне арналған мейрамдарды қажетті деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін дамыған желілер де жеткілікті. Жаппай шаралар өткізетін, халық серуендейтін орталық - Жібек жолы даңғылы болып табылады. Ауданның осы бір әдемі жері алматылықтардың мақтанышына айналған. Мереке күндері мұнда киіз үй тігіледі, әр түрлі бейнелеу және ұлттық қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылады, отандық жұлдыздар ғана емес, көркемөнерпаздар ұжымдары мен көркем шығармашылық топтардың қатысуымен өткізілетін концерттік бағдарламалар қойылады. Осындай шаралар адамдарды біріктіреді, оларды сүйікті республикаға және туған қалаға деген отан сүйгіштік және мақтаныш сезімді тәрбиелейді.
Алматының және оның бір бөлігі Жетісу ауданының тарихы мен келбеті міне, осындай. Ал ертең, әп-сәтте ақ өзгеретін және өтіп кететін уақыттың бір кездері жетістігі болатын, оқиғалар туралы жаңа беттерді жазатын жаңа күн де келмекші.                                                Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 16 сәуірінде жарияланған №798 Жарлығына сәйкес Алматы облысы, Іле ауданы, "Первомайка" ауылы Жетісу ауданының аумағына қосылды.