Жетiсу ауданы
әкімінің аппараты
A   A   A

БІЗДІҢ МЕКЕН-ЖАЙ
ҚР, 050050, Алматы қ.,
Құлагер ықш., Серіков көш., 2 а
e-mail: site.zhetysu@a-a.kz
тел/факс +7 (727) 384-27-56
Сенім телефоны:
384-27-66, 384-27-55
Тәулік бойы байланыс телефоны және WhatsApp: +7 700 384 27 60
Жаңалықтар мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
29 30 31 1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 1 2
Әкімге сұрақ
Cұрақ қою Бұл жерде Сіз аудан
басшысына тікелей
сұрақ қоя аласыз

Халықты әлеуметтік қорғау ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ



Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы ҚР Заңы


1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;

2) әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттары - мүгедектер мен мүгедек балаларға, сондай-ақ қарттарға медициналық-әлеуметтiк мекемелерде, үйде көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек бөлiмшелерiнде және әлеуметтiк қызмет көрсетудiң аумақтық орталықтарында берiлетiн әлеуметтiк қызметтердiң көлемiн және оларды ұсынудың тәртiбiн белгiлейтiн ережелер;

3) кәсiптiк бағдарлау - мүгедектiң еңбек қызметi түрлерiн таңдауына көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;

4) қайта жасау хирургиясы - организмнiң бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе олардың орнын толтыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдiсi;

5) медициналық-әлеуметтiк сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған шектеулі тіршілік-тынысын бағалау негiзiнде куәландырылатын адамның әлеуметтiк қорғау шараларына деген қажеттiлiктерiн белгiленген тәртiппен анықтау;

6) медициналық оңалту - организмнің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені;

7) мүгедек - тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;

8) мүгедек бала - тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегiз жасқа толмаған адам;

9) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;

10) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау - мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөнiндегi шаралар кешенi;

11) мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерi ескерiле отырып жабдықталған жұмыс орындары;

12) мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған не жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, бiлiмi мен машықтарын алуына немесе қалпына келтiруiне және оларды бейiмдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешенi;

13) мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы - мүгедектердi медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту жөнiндегi iс-шаралардың кепiлдiк берiлген тiзбесi;

14) мүгедектердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуi - мүгедектердiң өзiн-өзi қарап-күту, өз бетiмен өмiр сүру мүмкiндiгiне қол жеткiзу немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмiрдiң үйреншiктi жағдайларына қайта оралу процесi;

15) мүгедектiк - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi;

16) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедектi оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат;

17) мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттiлiктердi қанағаттандыруға арналған құралдар;

18) протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету;

19) протездiк-ортопедиялық құралдар - кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;

20) сурдотехникалық құралдар - есiту кемiстiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған, соның iшiнде байланыс құралдары мен ақпарат берудi күшейтетiн техникалық құралдар;

21) техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар;

22) тифлотехникалық құралдар - мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;

23) тiршiлiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн-өзi қарап-күту, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгінен толық немесе ішінapa айрылуы.

2-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады, бұған халықаралық шарттан оның қолданылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайлар қосылмайды. 

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қатынастардың субъектiлерi болып табылады. 

2-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

4-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты

Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:

1) мүгедектiктiң алдын алуға;

2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға;

3) мүгедектердiң қоғаммен етене араласуына бағытталған. 

5-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау принциптерi

Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:

1) заңдылық, iзгiлiк, адам құқықтарының сақталуы;

2) әлеуметтiк қорғауға кепiлдiк берiлу, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;

3) мүгедектердiң денсаулық сақтауға, бiлiм алуға және қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға басқа азаматтармен қатар қол жеткiзуi мен тең құқылы болуы;

4) мемлекеттiк органдардың мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктермен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауы;

5) мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтуге тыйым салу принциптерi негiзiнде жүргiзiледi. 

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы құзыретi

Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

2) мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламаларын бекiтедi;

3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады;

4) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн бекiтедi;

5) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласында үйлестiру кеңесiн құрады. 

7-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретi

1. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:

1) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;

2) мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламаларын әзiрлейдi;

3) мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарын әзiрлейдi;

4) басқа да мемлекеттiк органдарды мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жағынан әдiстемелiк және ұйымдастырушылық үйлестiрудi жүзеге асырады;

5) медициналық-әлеуметтiк сараптаманы және мүгедектердi оңалтуды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың жалпы принциптерiн белгiлейдi;

6) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып мүгедектiктi куәландыру, оның себептерiн, тобын және еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесiн белгiлеу, мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын анықтау ережелерiн әзiрлейдi;

7) мүгедектердi есепке алу жүйесiнiң орталықтандырылған деректер банкiн қалыптастырады, мүгедектiк себептерiнiң, құрылымының және жай-күйiнiң мониторингiн жүргiзедi;

8) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту саласындағы кадрлардың, соның iшiнде, ымдау тiлi мамандарының бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;

9) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

2. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретiне мыналар жатады:

1) медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу;

2) мүгедектiк тобын, оның себептерiн, мерзiмiн, мүгедектiктiң басталған уақытын, еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесiн, организм функцияларының бұзылуы және тiршiлiк-тынысының шектелуi дәрежесiне қарай "мүгедек бала" санатын айқындау;

3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын жасау;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жәрдемақыларды және төлемдер мен өтемақылардың басқа да түрлерiн тағайындау;

5) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының iске асырылуын бақылау;

6) халықтың мүгедектiгi деңгейi мен себептерiн зерделеу;

7) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын бақылау. 

8-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi

Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:

1) халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыру, мүгедектiктiң алдын алу саласындағы бiртұтас мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;

2) ауруға диагноз қоюдың және емдеудiң хаттамаларын айқындайды;

3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес мүгедектердi медициналық оңалтуды жүзеге асырады;

4) медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы мамандарды кәсiптiк даярлауды және қайта даярлауды қамтамасыз етедi. 

9-бап. Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi

Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектердiң бiлiм алуын қамтамасыз етедi;

2) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн әзiрлейдi;

3) мүгедектердi оқытуды жүзеге асыратын арнаулы бiлiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi. 

3-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ 

13-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама

1. Адамның мүгедектiгi мен еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеу халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзуi жолымен жүзеге асырылады.

2. Медициналық-әлеуметтiк сараптама Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен, куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiби және психологиялық деректерiн талдау негiзiнде организмнiң жай-күйiн кешендi бағалауға сүйенiп жүзеге асырылады.

3. Адамды мүгедек деп таныған және еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеген кезде олардың себептерi, мерзiмi, басталған уақыты, қосымша көмек түрлерiне және техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудегi қажеттiлiктерi анықталады, сондай-ақ мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы әзiрленедi.

4. Мүгедектiк тобы он алты жастан бастап белгiленедi. 

14-бап. Мүгедектердiң құқықтары

Қазақстан Республикасында мүгедектер:

1) әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға, қоғамға етене араласуға;

2) әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз етуге;

3) ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге;

4) бiлiм алуға, қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн алуға;

6) кәсiптiк даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабiлетiн қалпына келтiруге және жұмысқа орналасуға;

7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;

8) мемлекеттiк және өзге ұйымдарда, соның iшiнде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлiк, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бiрiншi кезекте қызмет көрсетiлуге;

9) мүгедектердiң шығармашылық қабiлеттерiн қолдауға арналған құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiмен бекiтiлген әлеуметтiк-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады. 

15-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау

Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау әлеуметтiк көмек көрсету, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалту, бiлiм беру және олардың қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бiрдей қатысуына мүмкiндiктер жасауға бағытталған өзге де шаралар арқылы қамтамасыз етiледi. 

16-бап. Әлеуметтiк көмек

Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мемлекеттiк жәрдемақылар, өтемақылар түрiндегi төлемдердi және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де төлемдердi қамтиды.

Жергiлiктi атқарушы органдар мен жұмыс берушi әлеуметтiк көмектiң қосымша түрлерiн көрсетуге құқылы. 

17-бап. Мүгедектердi оңалту

1. Мүгедектердi оңалту организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуынан тiршiлiк-тынысының шектелуiн жоюға немесе оның орнын мүмкiндiгiнше толықтай толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк iс-шаралар кешенiн қамтиды.

2. Мүгедектердi оңалту мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасына және медициналық-әлеуметтiк сараптама негiзiнде анықталатын мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. 

18-бап. Мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы

Оңалтудың кешендi бағдарламасы мүгедектердi оңалтуға, оңалту ұйымдары мен мекемелерi желiсiн дамытуға, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен, санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге, әлеуметтiк қызметтер көрсетуге және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кедергiсiз кiрiп-шығуын, мүгедектердi оңалту мәселелерiмен айналысатын қызметкерлердi даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға бағытталған iс-шаралардың кепiлдiк берiлген тiзбесiн көздейдi. 

19-бап. Мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасы

1. Оңалтудың жеке бағдарламасы организмнiң бұзылған және жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге және (немесе) олардың орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту шараларын қамтитын оңалту iс-шаралары кешенiн айқындайды.

2. Оңалтудың жеке бағдарламасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедекке тегiн көрсетiлетiн оңалту iс-шараларын, сол сияқты ақысын төлеуге мүгедектiң өзi немесе оның жұмыста мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға шалдығуына кiнәлi жұмыс берушi қатысатын оңалту iс-шараларын да қамтиды. 

20-бап. Мүгедектердi медициналық оңалту

1. Мүгедектердi медициналық оңалту:

1) қалпына келтiру терапиясын (дәрi-дәрмекпен, физикалық, санаторий-курорттық емдеудi және организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функциялары мен денсаулықты қалпына келтiруге бағытталған басқа да емдеу әдiстерiн);

2) қайта жасау хирургиясын;

3) протездiк-ортопедиялық көмектi қамтиды.

24-бап. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда) әлеуметтiк қызмет көрсету

1. Денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның тұрақты күтiмiне және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж жалғызiлiктi мүгедектерге, психоневрологиялық aуpулap қатарындағы мүгедектерге, мүгедек балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету мүгедектердiң жасына, денсаулық жағдайына сәйкес бейiмделген қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде жүзеге асырылады және тiршiлiк-тынысына жағдайлар жасауды, күтiммен қамтамасыз етудi, медициналық қызмет көрсетудi, оңалтуды, әлеуметтiк-еңбектiк бейiмдеудi, демалыс пен бос уақытын ұйымдастыруды қамтиды.

2. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде және мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда тұратын адамдарға әлеуметтiк қызметтер көлемi әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарына сәйкес берiледi.

3. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелердегi әлеуметтiк қызмет көрсету бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де материалдық және қаржылай түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдардағы әлеуметтiк қызмет көрсету, құрылтайшылардың қаражатын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.

26-бап. Мүгедектердi тұрғын үймен қамтамасыз ету

1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiлеген тәртiппен және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес:

1) тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қояды және олардың пайдалануына тұрғын үй бередi;

2) мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнаулы құралдармен және құрылғылармен жабдықтауды қамтамасыз етедi.

2. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерге ғимараттың қабатын, тұрпатын, жайлылық деңгейiн және тұруға қажеттi басқа да жағдайларын ескере отырып тұрғынжайды таңдау құқығы берiледi. 

30-бап. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту

1. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту:

1) кәсiптiк бағдар берудi;

2) кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды);

3) жұмысқа орналастыруды қамтиды.

2. Кәсiптiк бағдар берудi халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.

3. Мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен алынған лицензия негiзiнде бiлiм беру қызметiн жүргiзетiн ұйымдар жүзеге асырады. 

31-бап. Мүгедектердi жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету

Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердi жұмыспен қамтуды:

1) жұмыс орындарының жалпы санының үш процентi мөлшерiнде мүгедектер үшiн жұмыс орындарының квотасын белгiлеу;

2) жеке кәсiпкерлiктi, шағын және орта бизнестi дамыту арқылы мүгедектер үшiн қосымша жұмыс орындарын құру;

3) мүгедектердi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа орналастыру үшiн арнаулы, сондай-ақ әлеуметтiк жұмыс орындарын құру;

4) мүгедектерге кәсiптiк оқуды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етедi. 

32-бап. Мүгедектердiң еңбек қатынастары саласындағы құқықтары

1. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн ұзақтығы аптасына отыз алты сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгiленедi, жыл сайын ұзақтығы он бес жұмыс күнге дейiн ақы төленетiн қосымша демалыс берiледi.

2. Түнгi уақыттағы жұмысқа мүгедектiң келiсiмiмен және егер оның мұндай жұмыс iстеуiне денсаулық жағдайы бойынша тыйым салынбаған болса, рұқсат етiледi.

3. Мүгедектiктi сылтау етiп еңбек шартын жасасудан не қызметiн жоғарылатудан бас тартуға, мүгедектi жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан босатуға, өзiнiң келiсiмiнсiз басқа жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi, бұған халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қорытындысы бойынша оның денсаулық жағдайы кәсiптiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн не басқа адамдардың денсаулығына және еңбек қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайлар кiрмейдi. 

4-тарау. ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ МҮГЕДЕКТЕРДI ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ IСIНЕ ҚАТЫСУЫ

33-бап. Жұмыс берушiнiң әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне бара алуды қамтамасыз ету жөнiндегi мiндетi

Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердiң өндiрiстiк үйлерге, ғимараттарға, үй-жайларға бара алуы үшiн жұмыс берушi жұмыс орындары мен жұмыс үй-жайларын жобалау және бейiмдеу арқылы жағдай жасайды, мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тұрғын үй-жайларды арнаулы құралдармен және көмекшi құрылғылармен жабдықтайды. 

34-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедектердi жұмыспен қамту және кәсiптiк оңалту саласындағы мiндетi

Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған және (немесе) кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс берушi кәсiптiк оқытуды немесе қайта оқытуды, арнаулы жұмыс орындарын құруды осы Заңға сәйкес жеке қаражаты есебiнен қамтамасыз етедi. 

35-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедекке келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi мiндетi

Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге келтiрiлген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДIҢ ҚОҒАМДЫҚ БIРЛЕСТIКТЕРI

36-бап. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң құқықтары және олардың өкiлеттiктерi

1. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi үйлестiру кеңесiнiң жұмысына және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға байланысты мәселелердi шешуге қатысады.

2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердiң мүдделерiн қозғайтын шешiмдердi әзiрлеу мен қабылдау кезiнде мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен және олардың өкiлеттi өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасайды.

3. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiне, сондай-ақ олардың ұйымдарына олардың меншiгiндегi үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салынған жер учаскелерiне меншiк құқығын мемлекеттiк меншiктен жеке меншiкке беру өтеусiз негiзде жүзеге асырылуы мүмкiн.

Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi қызметiн тоқтатқан немесе мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң, олардың ұйымдарының меншiгiндегi жылжымайтын мүлiктi иелiктен айырған жағдайда, олардың меншiгiндегi жер учаскелерi мемлекеттiң меншiгiне қайтарылуға тиiс.

4. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi:

1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде, соның iшiнде мүгедектердi оңалтудың кешендi және өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу кезiнде ұсыныстар енгiзу;

2) әлеуметтiк қызметтердiң тиiстi түрлерiн көрсетудiң тиiмдiлiгiн бағалауға қатысу;

3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөнiнде әзiрленiп жатқан Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне ұсыныстар енгiзу;

4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен бiрлесiп республикалық спорттық iс-шараларды ұйымдастыру;

5) уәкiлеттi аумақтық мәдениет органдарымен бiрлесiп ағарту және мәдени-көпшiлiк iс-шараларды ұйымдастыру арқылы мүгедектердi әлеуметтiк қорғау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға қатысуға құқылы. 

6-тарау. OCЫ 3AҢHЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ 

37-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылау

Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады. 

38-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi құқықтары

Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi:

1) ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылау бойынша тексеру жүргiзуге;

2) меншiк нысанына қарамастан жұмыс берушiлерден және ұйымдардан осы Заңның орындалуы туралы тиiстi құжаттарды және өзге де ақпаратты сұратуға және алуға;

3) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға, осы Заңды бұзушылықтар анықталса, оларды жою туралы ұйғарым шығаруға құқылы. 

7-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР 

39-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады. 

40-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Заң:

1) 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 17) тармақшасын; 20-баптың 5-тармағын; 21-баптың 1-тармағының 4) тармақшасын; 22-баптың 3-тармағын; 26-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын; 28-бапты;

2) 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 7-баптың 1-тармағының 8) тармақшасын; 25-баптың 3-тармағынқоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:

1) "Қазақстан Республикасында мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы" 1991 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 26, 345-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 9-10, 158-құжат; N 15, 208-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 79-құжат; N 12, 184-құжат; N 17-18, 219-құжат; 1998 ж., N 24, 432-құжат; 1999 ж., N 8, 247-құжат; 2001 ж., N 1, 4-құжат; N 13-14, 173-құжат; 2002 ж., N 6, 71-құжат);

2) Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң "Қазақ ССР-iнде мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы" Қазақ ССР Заңын күшiне енгiзу туралы" 1991 жылғы 21 маусымдағы Қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 26, 346-құжат)